Банк бөлімшелерінің бірінде адамдарды кепілге алған Әлихан Мұрадовқа қатысты үкім шығарды
Астанада банк бөлімшесінде адамдарды кепілге алған Мұрадовқа сот үкімі шықты. |
Кінәлі деп танылған Мұрадовқа жеті жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру, жазасын орташа режимдегі колонияда өтеу туралы үкім шығарылды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.
Үкімді қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаев жариялады.
«Әлихан Мұрадов 261-баптың 2-бөлігінің 4 және 8, 9-тармақтары бойынша кінәлі деп танылсын. (4 және 8-тармақтарына қатысты кепілге алу «Қаруды немесе заттарды қару ретінде пайдалана отырып, екі немесе одан да көп адамды тұтқынға алу) және оны 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру үкімі кесілді», — деді судья.
Бұған дейін прокурор Әлихан Мұрадовты сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы 18 маусымда Мұрадов Астананың Достық көшесінде орналасқан Kaspi bank бөлімшесіне тапаншаға ұқсас затпен кіріп, жеті адамды қорқытып кепілге алған болатын. Келіссөздерден кейін арнайы жасақ қызметкерлері ғимаратты қоршауға алып, артынша 30 жастағы ер адам ұсталды. Кепілге алынғандардың бәрі аман-есен құтқарылды.